Дельфин-робот су бетінде мұнайды жинайды
Австралиялық инженерлер су бетінде өздігінен қозғалатын және бірегей сүзгі арқылы мұнай төгінділерін тиімді жинайтын робот жасады. Болашақта бұл құрылғы толықтай автономды жұмыс істеп, ластанған аймақтарды тазарта алады.
Ingenium
Теңіздегі мұнай төгілулерін жоюға арналған қазіргі жүйелердің көпшілігі пассивті жұмыс істейді, яғни мұнай дағы оларға жақындағанша күтеді. Австралиядағы RMIT университетінде жасалған жаңа робот су бетінде өздігінен қозғалып, төгілген мұнайды жинай алады. Electronic Dolphin деп аталған құрылғы прототипі дельфиндер мен теңіз кірпілерінің құрылымынан шабыт алған.
Құрылғының жұмыс принципі
Кроссовка көлеміндей робот теңіз кірпілерінің құрылымына негізделген ерекше сүзгі жүйесімен жабдықталған. Мұнай дағының үстімен қозғалғанда, кіріктірілген насос ластанған суды сүзгіге тартады. Бұл сүзгі арнайы микроскопиялық тікенектермен қапталған губка түрінде жасалған (олиевая қышқылы, функционалданған барий карбонаты және қалпына келтірілген графен оксидінің наноқабаттары). Осы тікенектер сүзгіде ұсақ ауа қалташаларын ұстап тұрады, нәтижесінде су сүзгіден сырғып кетеді, ал мұнай оның бетінде қалады.
Нәтижесінде сүзгі тек мұнайды сіңіреді, су сіңбейді. Сүзгі толық мұнайға толған соң, мұнайды төгіп, сүзгіні қайта қолдануға болады. Жиналған мұнай құрылғының ішкі камерасында сақталады.
Сынақ нәтижелері мен болашағы
Зертхана жағдайында Wi-Fi арқылы басқарылатын робот судан мұнайды минутына шамамен 2 миллилитр жылдамдықпен және 95%-дан жоғары тазалықпен жинады, бір аккумулятор зарядымен шамамен 15 минут жұмыс істеді. Алдағы уақытта құрылғының көлемін айтарлықтай ұлғайту жоспарланып отыр.
Болашақта робот толық автономды жүйе ретінде жұмыс істейді: су бетінен мұнайды өздігінен жинап, жиналған мұнайды төгу үшін базалық станцияға оралып, қайтадан төгілу орнына барады. Бұл цикл ластанған аймақ толық тазаланғанша қайталана береді.
Зерттеу нәтижелері Small ғылыми журналында жарияланды.
